Мектебіміздің 2024 жылғы түлегі ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 2-курс курсанты Есимбет Лунара 10-11 сынып оқушыларына бағыт-бағдар беріп, академия жайында бейнеролик көрсету арқылы түсіндірді. Кездесу барысында оқушыларға құқық қорғау саласындағы мамандықтар, академияда даярланатын кадрлар, оқу үдерісінің ерекшеліктері, білім беру бағдарламалары, курсанттардың күн тәртібі мен тұрмыстық жағдайлары туралы кең көлемде мәлімет берілді. Сонымен қатар академияға түсу талаптары, ҰБТ пәндері, өту балдары, медициналық тексеруден өту тәртібі, дене шынықтыру дайындығына қойылатын талаптар және мемлекеттік грант негізінде білім алу мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді. Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, құқық қорғау органдарында қызмет атқарудың жауапкершілігі мен маңыздылығы жөнінде нақты мәлімет алды. Аталған ақпараттық-түсіндірме жұмыстары оқушылардың болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына, құқық қорғау саласына деген қызығушылықтарын арттыруға оң ықпал етті.































