Мектеп туралы

ПАСПОРТ, МЕКТЕП ТАРИХЫ

«Маңғыстау облысының білім басқармасының Түпқараған ауданы бойынша білім бөлімінің «Е.Өмірбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі» 

Мектеп тарихы

Е.Өмірбаев атындағы жалпы білім беретін мектебі — Маңғыстау түбегіндегі тұңғыш қазақ орта мектебі.

Ресей империясының отаршылдық саясатын жандандыру, жергілікті халықты орыстандыру мақсатында Маңғыстау түбегінде 1868 жылдан бастап училище негізінде бірнеше орыс тілді мектептер ашылған. Бұл мектептерде тек қана мүмкіндігі бар болыс-билердің, старшындардың балалары ғана оқып білім алды.

Кеңес өкіметі орнаған соң Форт-Александровск(қазіргі Форт-Шевченко қаласы) қаласының қазақ қоғамы атынан 50 адам қол қойған . жергілікті қарапайым халықтың балаларын оқыту үшін мектептер ашу туралы уездік революциялық комитетке өтініш түсірілді. Өтінішке қол қойғандардың ішінде «Қырымның қырық батырын» жырлап ұрпаққа табыстырған халқымыздың дүлдүл ақыны жыршы Мұрын жырауда (Мұрын Сеңгірбеков) бар еді. Арыз 1920 жылы 9 қыркүйекте жазылған. Бұл кезең ҚазАКСР-нің құрылған уақыты болатын. Адай уезінде халыққа білім беру мәселесі Маңғышлақта құрылған Кеңес билігінің бірінші күнінен яғни 1918 жылдан бастап жолға қойылған болатын. Алайда елдегі жүріп жатқан азамат соғысы бұл шараларды іске асыруға мүмкіндік бермеді. 1920 жылы елдегі жағдай тұрақталған соң күн тәртібіне мектептерде білім беру ісі қайта қаралып, Маңғышлақ уезінде мектептер бой көтере бастады. Қазақ тілінде білім беретін мектеп Форт-Шевченко қаласындағы «Көк мектеп» ғимараты болып жасақталды. Ғимарат жөндеуден өтіп, залалсыздандырылып білі беру саласына берілді. Аталған ғимарат 1878 жылы жергілікті саудагерлердің өтінішімен, олардың өз қаражаттарына салынған еді. Қазіргі таңда қаланың тарихи сәулет ескерткіштерінің біріне айналды. Сонымен қатар «Дарын» қосымша білім беру орталығына ғимарат ретінде беріліп, халыққа қызмет етіп жатыр. Ашылған тұңғыш қазақ мектебінде әдістемелік құралдар, оқулықтар, ұстаздар жетіспеді. Соған қарамастан жергілікті халықтың балаларын оқуға беруге деген құштарлығы мен балалардың білімге деген ынтасы жыл санап өсе берді. Мектепте қазақ тілі, орыс тілі, француз тілі,табиғаттану, география, арифмитика, тарих пәндері оқытылды. Жиырмасыншы жылдардың алғашқы мұғалімдері санатында Д.С.Рюмков, М.М.Дубская, А.Сухорукова, Т.Самалықов, С.Нұрниязов, Б.Шымыров сияқты ұстаздар болды. Сол жылдардың кезінде педагог Д.Рюмков оқушылардың өзін-өзі басқару идеясын жүзеге асырып, мектепте оқушылар комитетін құрды, мектепішілік кооперативтер ұйымдастырды, ата-аналарды мектеп ісіне араластырды. 1923 жылы біріңғай еңбек мектептерінің жарғысы бекітілді. Онда «Бірыңғай еңбек мектебінің мақсаты- балаларды жеке өмірлері мен жұмысшылар қоғамында тұлға болып қалыптасып кетуіне қажетті білім мен дағдыларды меңгерту болып табылады» деп жазылған. 1926 жылы мектеп жеті жылдық білім беруге көшірілді.Осы жылдары мектепте 180–дей оқушы білім алған.1929 жылдан бастап мектепте мұғалімдер көбейе бастады. 1928-1929 жылдары мұғалімдер латын әліибиі бойынша бір апталық курс оқыды. 1934 жылы еліміз бойынша жалпыға бірдей бастауыш білім беру жүйесі толық аяқталды. 1939-1940 жылдары мектепте жазу жүйесі қазақ әліпбиі жүйесіне көшірілді. 1937 жылы мектепке Кеңес мемлекетінің саяси қайраткері, революционер С.М.Киров есімі берілді. Бұл есім 1999 жылға дейін қолданылды. Еліміз 1991 жылы егемендікке қол жеткізіп тәуелсіздігін алғаннан кейін. Ұлтымыздың ұлыларын ұлықтап, халыққа аянбай қызмет еткен тұлғаларын түгендеді. Солардың бірі жергілікті халқымызға еңбегі сіңген, халықаралық деңгейде еңбектері бағаланған Есбол Өмірбаев Шадырақұлы болаты. Е.Ш.Өмірбаев 1916 жылы Түпқараған ауданында дүниеге келген, ұстаз,этнограф-ғалым, зерттеуші, публицист, тарихшы, шевченкотанушы. 1962 жылға дейін осы мектепте ұстаздық қызметтен бастап, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 1962-1982 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы Ұлттық-этнографиялық мұражайдың негізін қалаған, Т.Г.Шевченко атындағы мұражайдағы жәдігерлердің 80 пайызын Е.Өмірбаев өз қолымен жинақтаған. 1999 жылы 21 сәуірде ҚР Үкіметінің №441 қаулысымен С.М.Киров атындағы орта мектеп, Есбол Өмірбаев атымен аталды.

1938-1939 жылдары мектепте қазақ мұғалімдері көбейді. Атап айтқанда А.Құнаров,(мектеп директоры) Өтеш Мырзахмет (оқу ісінің меңгерушісі),Нұржанова, Серіков,Зиманов,Хамитова, Беркалиев, Саламатин, Кульгаров, Гусеева, Праведнова, Тәжібаев, Өрсінов, Алтасов, Рожков. Осы жылдары мектепте 789 бала оқыған. 1940-1941 жылдары 522 бала оқыған, оқушы санының өте аз болуын байланысты 10 сынып ашылмаған. Сұрапыл соғыс жылдарында 1942-1947 жылдар аралығында мектеп бітіруші түлектер болмаған. Қиыншылықтарға қарамастан мектеп оқушыларға білім беру ісін жалғастыра берді. Жаз айларында мұғалімдер ауыл- ауылды аралап мектепке бала жинады. Соғыс алқымнан алып тұрса да халық балаларын сауаттандыруға тырысты. Мектептегі оқушы санының өсуіне байланысты бұрынғы «Көк мектеп» ғимаратында бөлмелер жетіспеді. 1927 жылы Форт-Шевченко қаласында «жеті жылдық мектепке көшуге байланысты» жаңа мектеп құрылысы басталған болатын, қаражаттың жоқтығынан құрылыс нысаны 13 жыл бойы тұрып қалды, 1940-жылы мектеп құрылысы қайта жанданып 1942 жылы аяқталды. Бірақ бұл ғимаратқа соғыс аймақтарынан панасыз қалған балалар әкелініп орналастырылды. Тек қана 1953 жылы ғана аталған мектеп ғимараты пайдаланылуға берілді. Бұл ғимарат халық арасында «Ақ мектеп» аталып кетті.Мектеп екі қабатты, бөлмелері жеткілікті болды. Мектепте 39 мұғалім қызмет етті. Мектептің оқу-материалдық базасы химия, биология, физика пәндерімен және кабинеттерімен толықтырылды.Сабақ уақыты 45 минут, мектепте 6 жоғарғы білімді, 19 арнаулы білімді педагогтар қызмет етті. Ақ мектепке Маңғыстау түбегіндегі әр аймақтан балалар келіп оқитын. Себебі көптеген ауылдық жерлерде педагогтардың жетіспеуінен тек қана бастауыш сыныптар ғана болған. Сондықтан білімін жалғастыру үшін оқушылар Форт-Шевченкоға келіп оқуын жалғастыратын. Жергілікті балық шаруашылығының дамуы, мұнай өндірісінің қарқын алуы, қалалардың пайда болуы түбекте халық санының қарыштап өсуіне ықпал етті. Халық саны көбейген сайын білім алатын бала саны да көбейді. Арман болған «Ақ мектеп» 1960 жылдардың аяғы 1970 жылдардың басында оқушылар үшін тарлық ете бастады. Сыныптар санын көбейтуге бөлмелер жетіспеді. Сол жылдары ҚазССР үкіметінің басшылық етуімен 1975 жылы жаңа ғимарат салынып 1977 жылы пайдаланылуға берілді. Ғимарат үш қабатты, бөлмелері жеткілікті еді 830 оқушыға есептелген. Қазіргі таңда Есбол Өмірбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары осы ғимаратта білім алуда. Ғимарат 2020 жылы күрделі жөндеуден өтті. INKOK компаниясымен жаратылыстану бағытындағы кабинеттер толық заманауй үлгідегі құралдармен жабдықталды. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін мықты жасақталған кабинет, психология кабинеті, өзін-өзі тану кабинеттері ашылып, оқушылар қызығушылықпен білім алуда. 2020 жылы «Түбектегі тұңғыш қазақ орта мектебіне -100 жыл» толуына байланысты карантиндік шаралар кезінде мектеп көлемінде шаралар ұйымдастырылды. Облыс басшысы, аудан басшылары қатысып мектепте мұражай ашып берді. Қазіргі таңда мектебіміз жан-жақты дамып білім алушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етуде.

Жетістіктері.

Алтын ұя мектебінен сапалы білім алып, отаншылдық рухта тәрбиеленген мектеп түлектері арасынан ұлағатты ұстаздар, білікті дәрігерлер, өнер қайраткерлері, ғалымдар көптеп шықты. Олар еліміздің білім, ғылым, мәдениет, медицина салаларын дамытуға сүбелі үлес қосып, елеулі еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне атсалысты. Олар адал еңбегімен абырой-атақтың, шығармашылықтың шырқау шыңына көтерілді. Мектепті ойдағыдай аяқтап халқына қызмет етуден жалықпаған щоқтығы биік, бірегей тұлғаларда осы мектептің түлектері.

Естөре Оразақов- медицина ғылымдарының докторы. 1926 жылы «Көк мектепте» оқып білім алған.1936 жылы Асфиндияров атындағы мемлекеттік медициналық институтын үздік бағамен бітірген. ҰОС жылдары далалық клиникада қызмет атқарды. Осы жылдары мақта орнына пайдаланатын жарадағы қанды іріңді сорып алатын « Артемизия компертрис» препаратын ойлап тапты. Ол сүйек буын туберкулезіне шалдыққан балалар үшін «Коллосиликат» деп аталатын материал ойлап тапты. «Ақсай» сал аурумен ауратын балаларға арналған шипажайдың ашылуын жүзеге асырды, «Шымбұлақ» сауықтыру шипажайының алғашқы ұйымдастырушысы. Аталған сауықтыру орындары осы күнге дейін халыққа қызмет етіп, көптеген жандардың жанына шипа болып келеді.

Маңғыстау түбегіндегі «Тұщыбек» шипажайына 1992 жылы Естөре Оразақов есімі берілді. Форт-Шевченко қаласынан көше есімі берілді. Е.Оразақов «ҚазКСР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚазКСР еңбегі сіңірген дәрігірі» төс белгісімен марапатталды.

Шайқы Төлесұлы Еркеғұлов — математика ғылымдарының доценті. 1931 жылы Көк мектепті аяқтаған. 1941 жылы Орал пединститутын бітірді. 1954 жылы ҚазПи-ге қызметке ауысып профессор Х.И.Ибрашев екеуі студенттерге арналған «Математикалық анализ» екі томдық оқулығын жазды. Аталған оқулықтың үшінші томын Шайқы Төлесұлы өзі жазып шығарды. 1962 жылы ғылыми дәрежесін алды. Математика ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, ҚазКРС-ның «Құрмет грамотасымен», «КСРО оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 1992 жылы Форт-Шевченко қаласындағы бір көшеге Шайқы Еркеғұлов есімі берілді.

Шоқыр Бөлтеков — Қазақтың тұңғыш кәсіби боксшісі, КСРО спорт шебері. 1932 жылы «Көк мектепті» бітірген. 16 жасында Алматыда ашылған дене тәрбиесі техникумына оқуға түсті. 1936 ж Алматы қаласындағы «Темп» спорт қоғамы жанынан тұңғыш рет бокс үйірмесін ашты. 1937 ж өзінің жеткшілігімен Алматыда бірінші рет бокстан ресми біріншілік ұйымдастырды. ҰОС жылдарында майданда азаматтық борышын өтеді.

1945-1947 жылдары ҚазКСР біріншілігінің чемпионы, 1947ж «Динамо» ВДСО біріншілігінің финалисі болды. Осы жетістіктері үшін Қазақ елінен шыққан бокстан «КСРО спорт шебері» атанды. 1947 ж Мәскеуде өткен КСРО біріншілігіне тұңғыш рет Қазақстан құрама командасын жасақтап апарды. Республика бойынша 800 ден астам боксші дайындады. Оның шәкірттері Азия ойындарында, Әлем чемпионаттарында өнер көрсетті. 1964 ж Ш.Бөлтековке бокстан «ҚазКСР еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы берілді.

Намаз Ізімбергенов — медицина ғылымдарының докторы, профессор. 1956 жылы С.М.Киров атындағы мектепті бітірген. 1958 ж Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік мединститутын қызыл дипломмен аяқтады. 1966ж Мәскеу қаласындағы Орталық дәрігерлердің БАИ хирургия кафедрасының аспирантурасында оқып, білімін жалғастырды. Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары – бауыр – өт жолдары ауруларын емдеу болды. 1970 ж кандидаттық, 1978 ж докторлық-дисертациясын қорғады. Тәжірибеге лапароскопиялық тексеру, лазер сәулесімен емдеу әдістерін енгізді. Қазақстанда тұңғыш рет азон ерітінділерін ішек бойына, көктамырға құю әдісін тәжірибеге енгізді. Медицина саласына «Лапароскопиялық хирургия» курсын енгізді. 370 астам ғылыми еңбек, 7-монография, қазақ тілінде студенттерге арналға оқу-құралдар,хирургиялық терминдердің орысша-қазақша сөздігі жарық көрді. 2004 жылы ҚР ҰҒА акдемигі, 2015 жылы Ұлыбританиядағы Оксфорд академиялық Одағына мүше болды. 2005 жылы «Евразия» ҚҚ-ның «Алтын скальпель» атағына ие болды.

Алпамыс Айтқұлов — «Техника ғылымдарының докторы, профессор» 1964 жылы С.М.Киров атындағы мектепті бітірді. ҚазПТИ-дің « Мұнай мен газ кенорындарын игеру және пайдалану кешенді механикаландыру» мамандығын бітірді. 1975-1979 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық мұнай-газ ҒЗИ-да аспирантурада оқыды. «Көпқабатты кенорындарды пайдалануды реттеудің тиімділігн арттыру» бойынша кандидаттық дисертация қорғады. Ш.Есенов атындағы университеттің аға оқытушысы, факультет деканы, оқу-әдістемелік проректоры және 20 жыл бойы «Мұнай мен газ кенорындарын игеру және пайдалану» кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. А.Айтқұлов білім мен ғылым саласына қосқан сүбелі үлесі үшін « ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Ғылымын жетілдіру» төсбелгісімен марапатталды.

Рухия Батыршеева- ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1972 жылы С.М.Киров атындағы орта мектепті бітірген. 1978 жылы Алматы қаласындағы эстрада және цирк өнері студиясын бітірді. 1978-1985 жылдары ҚҰрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының концерттік орындаушы және ұлт аспабынан педагог мамндығында жоғары білім алды. 1993 жылдары Ақтау қаласындағы А.Тарақұлы атындағы қазақ балалар өнер мектебінің директоры болды. 1992 ж «Ақжарма» фольклорлық ансамблінде жеке орындаушы, 1994 жылы ұлт-аспаптар ансамблінде әртіс болып, елді өз ықыласына бөледі. Қазақ еліне танымал дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова , Рухия Батыршееваның шәкірті. Қазақ өнеріне қосқан үлесі үшін « Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, ҚР БжҒМ –нің «Құрмет грамотасымен» «ҚР Еңбегі сіңген қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.

Ғылыми атақ алған мектеп түлектері:

  • Керім Машырықов – геология –минерология ғылымдарының докторы,прфессор
  • Сабырғали Жаманқұлұлы – философия ғылымдарының канлидаты,доцент
  • Ғазиз Лұқпанов – педагогика ғылымдарының кандидаты
  • Үзім Қосбатырқызы — ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты.
  • Құрбан Аманиязов — геология –минерология ғылымдарының докторы, профессор.
  • Жетібай Наурызбаев – математика ғылымдарының кандидаты, доцент
  • Самалхан Ақмырзаұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
  • Өр Шымыров — медицина ғылымдарының кандидаты
  • Тарас Мырзабеков — техника ғылымдарының кандидаты, халықаралық жіктеу бойынша философия докторы
  • Мұрат Мырзабеков – Техника ғылымдарының кандидаты
  • Еділ Жаңбыршин – техника ғылымдарының докторы, профессор
  • Айнагүл Баубекқызы — медицина ғылымдарының кандидаты, доцент
  • Ақмарал Едігеқызы – техника ғылымдарының кандидаты, доцент
  • Нағбду Сұлтансихқызы – филология ғылымдарының кандидаты.

 

Орта мектепті үздік бітірген түлектер.

  • Меңдібай Тұржанұлы – Күміс медаль иегері
  • Ғабит Тәңірбергенов – Алтын медаль иегері
  • Күләнда Тәңірбергенова – Алтын медаль иегері
  • Амандық Қартбаев – Алтын медаль иегері
  • Ақмарал Мырзатаева – Күміс медаль иегері
  • Қайрат Садуақасов – Күміс медаль иегері
  • Бибігүл Бүркітбаева – Үздік аттестат иегері
  • Дулат Бекежанов – Үздік аттестат иегері
  • Гүлназ Қалымбаева – Үздік аттестат иегері
  • Қадір Елеусін — Үздік аттестат иегері
  • Лаура Жақаева – Үздік аттестат иегері
  • Облыстық, республикалық, халықаралық білім сайыстарында, спорт жарыстарында, өнер байқауларында мектеп абыройын қорғаған түлектер
  • Рақымжан Батыр – Республикадық пәндік олимпиадаға қатысушы, шахмат жарысының жеңімпазы
  • Назира Тұржанова — Республикалық «Жас музыканттар» байқауының , облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің жеңімпазы
  • Жасұлан Таңатов – қазақ күресінің, дзюдодан Маңғыстау облысының бірнеше дүркін чемпионы, «Аймақтар аламаны» республикалық тележобасының күміс жүлдегері
  • Алтынай Жолдыбаева – Облыстық «Жас өркен» шығармашылық байқауының жеңімпазы. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі. Танымал әнші
  • Камшат Жолдыбаева – Республикаға танымал әнші, актриса, бірнеше фильмдердің ролін сомдаған.
  • Асылқайыр Оңайбаев — жасөспірімдер арасында бокстан Маңғыстау облысының чемпионы, ҚР Чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық, республикалық турнирлердің жеңімпазы.
  • Мирас Өмірзақов- жасөспірімдер арасында бокстан Маңғыстау облысының чемпионы, ҚР Чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық, республикалық турнирлердің жеңімпазы.
  • Мерейбек Шаулекен – Кипр елінде өткен халықаралық ғылыми жобалар жарысында І орынды жеңіп алды.
  • Тоғжан Қуанова – қазақ күресінен ҚР Чемпионатының жеңімпазы, дзюдан Т.Жолдыбаев атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы, самбодан ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері, әйелдер арасында «ҚР дзюдодан спорт шебері», «ҚР қазақ күресінен спорт шебері»
  • Қадір Елеусін — облыстық ғылыми жобалар жарысының, пәндік олимпиада жеңімпазы.ҮІІ халықаралық «Күншуақ» фестивалінің І орын жеңімпазы
  • Руслан Нұрберген – облыстық «Дельфилік» ойындар байқауының, Республикалық «Махамбет оқулары» байқауының ІІ орын, республикалық «Біз күн перзентіміз» байқауының І орын жеңімпазы, халықаралық «Күншуақ» фестивалінің гран-при иегері
  • Әйгерім Құлжарасова – облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалі « Жыр-терме», «Соло,дуэт, трио, квартет», «Дәстүрлі ән» номинацияларының,»Жұлдызды жол» облыстық фестиваль-байқауы, «Халықтық вокал» номинациясының, ҮІІІ республикалық «Абай оқулары» байқауы « Көңілім әнді ұғады» бөлімнің жеңімпазы.
  • Ләззат Сұлтанова – ҮІ Халықаралық «Күншуақ» фестиваль-байқауының Іорын иегері, Республикалық «Балауса» байқауының І орын иегері, «Айгөлек» республикалық шығармашылық фестивалінің І орын иегері.